БҚДА күкірт қышқылын сату нарығындағы бәсекелестіктің жағдайын талдауды аяқтады, оның нәтижелері бойынша нарықты дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда өндірілген күкірт қышқылының 80%-ы уранды байытуға жұмсалады. Сонымен қатар, индустриялық дамыған елдерде күкірт қышқылы минералды тыңайтқыштар өндірісінде, қорғасын аккумуляторларында, кен өңдеуде, мұнай, металл өңдеу, азық-түлік, тоқыма және басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады.
Сонымен бірге, нарықты талдау Қазақстанның ресурстық әлеуеті толық көлемде пайдаланылмайтынын көрсетті. Күкірт қышқылын өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланылатын күкірттің 93%-ы шетелге экспортталады.
Әлемдік күкірт қышқылын тұтыну нарығы жыл сайын артып келеді және ол инвестициялар үшін өзекті болып табылады.
Осыған байланысты Агенттік мынадай ұсыныстар берді:
1) Жекешелендіру бойынша Ұлттық кеңсе аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның күкірт қышқыл зауыттарын бәсекелестік ортаға беру мәселесін қарау;
2) жаңа күкірт қышқыл зауыттарын іске қосуға арналған жобаларға мемлекеттің қатысу үлесін қайта қарау;
3) күкірттің бірыңғай сатып алушысын анықтау бастамасынан бас тарту, себебі бұл жағдайда нарықтың стагнациясына әкелуі мүмкін тәуекелдер бар.
Сонымен қатар, талдау нәтижелері бойынша «Казцинк» ЖШС-нің әрекеттерінде басым жағдайды асыра пайдалану белгілері байқалды, бұл тең мәнді келісімдерге әртүрлі бағаларды қолдануда көрінеді.
Сондай-ақ, «KAP Logistics» ЖШС үшін күкірт қышқылының жеткізушілері арасындағы бәсекеге қарсы келісімдердің белгілері бойынша, оның ішінде лоттар бойынша бөлу арқылы сауда нәтижелерін бұрмалау әрекеттері анықталып, тергеу басталды.
Талдау нәтижелерімен толығырақ https://www.gov.kz/memleket/entities/zk/documents/details/709218?lang=kk жерден танысуға болады.